Өлеңдер ✍️

  03.12.2021
  468


Автор: Дилбар Маликова

Біреуге жақсы адаммын....

Біреуге жақсы адаммын,
Жақсыны жақтағанмын.
Қиналса көмек беріп,
Күн туса қашпағанмын.

Біреуге жақпағанмын,
Себебі басқа адаммын.
Мінезім бар да шығар?
Сөзімнен қайтпағанмын.

Біреудің жан досымын,
Айтатын мұңын, сырын.
Достықты бағалаймын,
Досыма қамқоршымын.

Ал біреу дұшпан дейді,
Жаныма қатты тиді.
Кездессе меніменен,
Жүзіне маска киді.

Біреуге қызғаншақпын,
Есітіп қайран қаппын!
Жарымнан өзгелерді,
Мен сірә қызғанбаппын.

Біреуге мақтаншақпын,
Бұл сөзге арланбаппын.
Негізсіз сынаса да,
Барыммен мақтанбақпын!

Біреулер дейді-ақын,
Өлеңім жұртқа жақын.
Жырымды жаза берем,
Бағасын берер халқым.

Бәріне ұнамаспын,
Жақсы боп жүре алмаспын.
Себебі мен пендемін,
Періште бола алмаспын.

Арыммен өмір сүрем,
Өзімді өзім білем.
Ағымен, қарасымен,
Өмірді жақсы көрем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу