03.12.2021
  140


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Жыр бақытында қол созған Нұрбақыт

Ақын Нұрбақыт Мұқаметжанұлының (1962 - 1998) өмірі, жарқ еткен найзағадың әлемді дүр сілкіндіріп, жарығын жалпақ әлемге беріп өте шыққанындай тым қысқа болды. 36 ға толған мүшелінде өмірден өтті.


 


Қытай бетіндегі оқырмандар мен әдебиет сүйер қауымға Нұрбақыт Мұқаметжанұлының есімі, әрине таныс. Тек соңғы буын жеткіншектер үшін әнтек беймәлімдеу сезілгенімен, 80 – 90 жылдардағы басылым беттерін парақтаған адам ақын есімін жиі кездестіретіні анық. Ал, Қазақстан сынды қара шаңырақтағы ағайындар  үшін белгісіз болатыны айтпаса да түсінікті. Шекара деген тікен тордың сыртындағы бауырлардың  өлеңі тұрмақ, өмірінің өзі жұмбақ болып келген, қырғи – қабақ  соғыстың салдары тудырған  салқындыққа не деуге болады ?! Бүгінде дүние өзгерген, заман жаңарған екі елдің достығы, қалыпты қарым – қатынасы , қапияда адасып қанжұтып қалған қаракөздердің құшақ айқастырар қуанышына айналды. Оған мың тәубе!...Қолдарыңыздағы «Ақбастау» соның бір дәлелі.


 


Марқұм Нұрбақыт дені сау, басы аман болғанда Атамекенге алғашқылардың бірі болып жетері сөзсіз еді. Дегенмен, өзі армандаған, аңсагағ аяулы мекеніне кештеу болса да оның үні, мөлдір моншақ жырлары жетті. Сондықтан да өкінішіміз бен әттегенімізді сабырға жеңдіріп шүкір дейміз.


 


Нұрбақыт Мұхаметжанұлы Іле аймағының Шапшал ауданы, Ақбастау ауылында 1962 жылы өмірге келген. Орта мектепті бітірген соң, экономика мамандығы бойынша арнайы білім алған ол, оқуын ойдағыдай аяқтап, Іле облысының Моңғолкүре ауданы, Ақдала деген ауылына барып қызмет етеді.


 


Менімен танысуы да сол өлең жазатындығымыздан болса керек-ті. 1984 жылдың қыркүйек айында досым Серік Ыдырысұлының кездестіруімен бірден тіл табысып, әңгімеміз жарасып, ойымыз астасып жүре берді.


 


Мен білетін Нұрбақыт сергек ойлы, сөздері орнықты, ауызын ашса ән төгілетін, домбыра шертсе он саусағынан күй төгілетін, қаламын қолына алса жыр маржандары тізілетін сері жігіт еді. Бір мекеменің бас бухгалтері бола жүріп, қолынан кітабын тастамай, әлем классиктерінің , қытай ойшылдарының, Қазақстан қаламгерлерінің еңбектерін қалт жібермей оқитын. Қаншама кітаптар ауысып оқығанымыз күні бүгінгідей көз алдымда. Өте қағылез, қырғи тілді, қиялға бай азамат еді. Оның басынан радио қабылдағыш кетпейтін, құлағын төсеп тыңдаудан жалыұпайтын. Ол «Қазақ радиосы» мен «Шалқардың» үнін естуден бір жалықпайтын.Қазақстан туралы, әнші-күйші, ақын-жазушы өмірін, шығармашылығын айта бастағанда жаңа ғана Тұманбаймен таңертеңгі шәйін бірге ішіп, Қадырмен түстік жегендей, Алматыдан келген адам ба деп қалатынсың. Өте сауатты, саналы, салиқалы, саңлақ азамат екенін әрбір айтқан сөзінен білдіртіп отырушы еді.Соншалықты көп білсе де мақтанып, масаттану дегенді қаперіне келтірмейтін. Осы күндері атбасын Алматыға тіреп, тәуелсіз елдің танымал азаматтарына айналған ақын Құл-Керім Елемес, жазушы Серік Нұғыман, өзге де достар бас қосқан қаншама кездесулерде отырыстың гүлі, әңгіменің көрігі болып, қашанғы сырбаздығынан бір аумайтын еді.


 


Ауруға десбермеген қайсарлығы, әне-міне салғырттығы оны айықпас ауру азабына кіріптар етті. Алғашында көкірек қуысында, бауырдың жанынан пайда  болған жылауық асқына келе, омыртқаны басып жұлынға өтіп кеткендіктен, белінен төмен салданып қимылсыз қалды. Ол 1987 жылдың күзі еді.Алты мәрте операция керуетіне таңылып мехнат шексе де, әбден ұялаған дерт  ақын тәнінен кеткісі келмеді. Ақыры ұзақ меңдеткен кесел 11 жылға созылып, 1998 жылы оны жарық жалғанмен қоштастырды.


 


Ауру азабы қаншалықты қинаса да, қыңқ еткен дыбысын бір шығармаушы еді.Құлағы радио қабылдағышта, одан қалт ете қалса, көзі қалың томның беттеріне қадалатын, көңілі сергіп, жанында жарқылдап жасын ойнаған сәттерінде келіп қалған ой тіркестерін қағаз бетіне қонақтататын еді. Мынау қолыңыздағы шағын кітап, сондай сондай сәттердің сәтімен түскен шумақтары.


 


Ақын кең заман, керемет дәуірде туып өссе де, тағдыры аса қиын болды. Дегенмен, жұрт көзіне түсіп, өмірдегі орнына ұмтыла бастаған сәтінде ауру аяғына тұсау болды. Қызы Әлида өзге отбасына өтіп, аты Эльмираға өзгеріп тірідей бір айырылса,  ұлы Ақнар бір жасқа келгенде шетінеп кетіп өлідей екі айырылып, аңырап қалған ақын осынау қайғы – қасіретке де шыдап бақты.Тағдыры аянышты, ақын азабының ауыр болғаны кім кімге де түсінікті еді. Сөйте тұра, кездескен сәттерімізде оның мұң шаққанын жасығанын көрмеген екенмін.


 


Қозғалысқа келмейтін, қимылсыз қалған  екі аяқ оны бабалардың байтақ мекеніне алып келе алмады.Сондайда өлеңмен өрнектеп Алматыдағы туыстарына,  Кәдірбек Құныпия секілді ақын азаматтарға хаттар жазып бір сәтке болса да уайымнан алыстап, мықтылық танытып отыратын. Ондай жырларын кітаптың екінші бөлімінен оқисыздар.


 


Нұрбақыттың өлеңдерінің дені азаматтық лирикалар, ойлы, отты өлеңдер, елдің, жердің тағдыры. Отанынан алыстаған қазақтың хәлі, оның есінен екі елі алыстаған емес...Сонымен бірге, параллель тартылып отырған жырдың келесі бір шоғыры, қыздың 16 жасында ғашық болған, кейін сертіне жетіп үйленген Ақылайына арнаған махаббат лирикалары. Оның біразын осы кітаптан оқи аласыздар. Сол Ақылай ақынды аялап күтіп, сәбидей мәпелеп қарады. Нұрбақыттың демі бітіп, жарық жалғанға қош айтқанға дейін қасында болды. Нұрбақыт пен Ақылай өмірінің де аңызға бергісіз қызық та қиын тұстары көп болды. Ақын жүрегі шексіз сүйе білсе, жан  жары риясыз күйе білді. Ол туралы менің «Ақылай» деген поэмамда жазылды.


 


Ақынмен сұхбаттас болған сәттер, әрлі де нәрлі әңгіме – дүкен құрған кездер, Атамекенге деген аңсаудан туған сағынышты тебіреністер бәрі  бәрі көз алдымда... Ауруына араша боламын ба деп алыстағы дәрігерге алып барған күндерім де күні бүгінгідей... Тура келген ажалға араша болар қайран бар ма?! Нұрбақыт арадан алыстады. Аяулы жұбайы Ақылайдың қолында қалған мұралары, мұңға оранған өлеңдері маған жеткелі де көп жылдың жүзі болып барады. Жүрек сөзін еліне жеткізсем деген ойымды іске асыра алмай, араға аздаған уақыттар салдым. Енді, міне, патша көңілді оқырман, өздеріңізге «Ақбастау» жол тартып барады. Өлеңдері туралы жан-жақтылы талдап, пікір білдіруге де болар еді. Мен ол жағын өздеріңізге қалдыра тұрып, ақын өмірінің бір үзік көріністерін ғана айттым. Егер жырларын құлқыңыз түсіп оқи қалсаңыз, айтулы ақыныңыз болатынына шүбәм жоқ.


 


Жастай кетсем жаным-ай, жылама түк!


 


Бір құлаған шынарың тұра ма тік?!


 


Жырым қалар,


 


Кеткенмен жер бетінен


 


Нұрбақыт Мұхаметжан Рабатов! – депті.


 


Иә, ақын осындай бір күннің боларын сезген секілді... Ендеше, жырлары ғұмырлы болғай!... 


 


 


 


                                                     Дәулетбек Байтұрсынұлы,


 


                                                    ақын,


 


Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу