02.12.2021
  120


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

 Қаза хабары

 


 


                   (Дәулетбек Байтүрсынұлының «күнделігінен»)


 


...Бүгін Мұңғұлкүреден телефон келді. Ақылайдың інісі соғып тұр. Ақын, абзал досым – Нұрбақыт Мұхаметжанұлы қайтыс болыпты. Он жылғы ауру азабы ақыры алып ұрыпты... «Жаны жанатта болсын, иманы жолдас болсын» - деп бет сипадым.


 


Өмір-ай деші!.. Өтіп бара жатқан күндер... Барып топырақ салуға да мүмкіндік жоқ!..


 


Нұрбақыт айтулы ақын еді. Сегіз қырлы, бір сырлы, ер мінезді, ерекше бітім болмысты азамат еді. Жеке өзім жөнінен досым. Сырлас-сыйлас кісім. 1984 жылдан бастап араласқам, достасқам, 14 жыл! Нүкең 1987 жылдан сал болып жатып қалған. Мен 1994 жылы Қазақстанға кеткеннен кейін, араға бірнеше жыл салып 1997 жылдың тамыз айында қытайға барған сапарымда үйіне барып хал-жағдайынан хабар тауып, көңілін сұрап қайтып едім. Өте әлсіреп, төмендеп кеткенін сезгенмін. Құдай берген қызыл тіл сайрап жатыр... Өлеңдері баспа беттеріне жарияланып тұрғанымен, жинақ болып шықпаған. Көп жыл ауру азабын тартты десе де көз майын сарқап, жүрек қанын тауысқан сырлы да қасіретті өлеңдері қалды. Маған жазған хаттары, өлеңдері теп-тегіс сақтаулы тұр. Мол болмаса да құнды қазына мұрасын адал да ақылды жары – Ақылайға аманат еткені белгілі. Түбінде оқырманға жететін, шабытты, ойлы өлеңдері бір жарқ ететініне сенемін. Қолымнан келсе, мен де аянып қалмаспын!.. Қазақтың қайсар ұлы, ұлттық намысы қанында шапшып тұратын аяулы досым Нұрбақыт, топырағаң торқа болсын!


 


4.03.1998 ж.


 


Алматы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу