Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  232


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Ақылайға


I
Сәлем, сәлем аяулы Ақылайым,
Сезіміңе сезімді батырайын.
Сағына күнді баяу батырайын,
Сағына таңды ояу атырайын.

Сәлем, құрбың Қадишаға,
Құс көңіл, құлын мінез падишаға.
Сәлем, сіңлің сүйкімді Жазайыңа,
Ұқсаған нақ жайдарлы жаз айына.

Сәлем сіңлің сұп-сұлу Күлмесханға,
Кірпігін талай жігіт ілмес таңға.
Жақсы еді айтсам сәлем атай бәрін,
Аманат өздеріңе апайларың!


II
Беті қайтпай жатыр әлі кеселдің,
Оған бола қайтқаны жоқ меселдің.
Үйреншікті ауру ғой айтпайын,
Ауруға төзім берік төселдім.

Сақаюдан үзілген жоқ үмітім,
Бір Аллаға сиынамын күні-түні.
Сен алыстан қолдап тұрсаң қормалым,
Жемір дертті жеңіп кетер жігітің!

Жұмсалады жыр жазуға уақытым,
Керек емес алтын-күміс жаһұтың.
Не тартсам да тағдырымнан тартайын,
Сен аман жүр бағым үшін бақытым!

Асығамын арманыма жетем деп,
Артыма өшпес атты жазып кетем деп.
Бас қатырып жатыр қатты пақырың,
«Сені қашан бақытты жан етем» деп!!

Құдіреттен құс болып мен ұшайын,
Ұшып барып ақ жүзіңнен құшайын,
Күйтұң жақтан қолыңды соз Ілеге,
Сағынғаннан сартап болдым, қысайын!



III
Болсамда жалғыз жанған жетім шырақ,
Келеді қызармай-ақ бетім шыдап.
Сағыныш асқынғаннан саған сәулем,
Жазылды жырмен тағы екінші хат.

Жалғанда жан бар ма екен жақын біздей?!
Сарғайды сағыныштан ақын күздей.
Сағыныщ сәлемімді жырмен жазып,
Тұрайын қалқам саған хатымды үзбей.

Қырандай қияға ұшар самғай талант,
Ақын боп арқалағам таудай талап.
Жүректің жалынымен жазылған жыр,
Кетсе екен тамырыңа қандай тарап!

IV
Аяулы асыл жарым Ақылайым,
Жарқырап тұрған көкте ақыл айым.
Жаныңда болмасам да жаның бірге,
Мен дайын, не десең де мақұл айым!

Арнап саған, алтыным, жыр жазамын,
Жыр жазам да, жабырқап бірде азамын.
Жылатып жастығыңды меніменен,
Тағдырдың тартып жүрсің бірге азабын.

Жүрек мотор бұл күнде зорға қызар,
Ақының кейде аһ ұрып толғады зар.
Оты өшіп кете жаздап отыз жаста,
Омайып жатқаным-ай орда бұзар?!

Қыспаққа алған бұл тағдыр қай қысымы-ай!
Кетсем-ші жаһаннамға, жай түсіп-ай?!
Бақытыңды байлап ап бірге ап барам,
Тұңғиыққа сені де байқұсым-ай!

Өмірдің өз заңымен өтері хақ,
Мен өмірдің өгей бір нөкері нақ.
Тік тұрып кетсем әттең жаным сені,
Бағар едім басыма көтеріп-ақ.

Тас төсек жанбасыма батар таңға,
Қара бас қапақ болып қатар санға.
Қарызы қайтар ма еді қамқорлықтың,
Меккеге сені арқалап апарсам да?!

V
Күнтізбеге қарасам есім шығад,
Жылап алмай жатырмын несін шыдап?!
Күпті көңіл Күйтұңге алып – ұшып,
Жырмен таға жазылды бесінші хат.

Лапылдап жүрегімнен жалын ұшқан,
Көктем, жаз, күзден өттім сары қыстан.
Жарылып кетер ме екен жан жүрегім,
Саған жаным жанартау сағыныштан.

Соғады жүрек кейде атқылай кеп,
Жатырмын жалбарынып а, Құдай деп.
Ұйқыдан талай шошып ояныппын,
Айқайлап атыңды атап «Ақылай» деп.

Аңсаған арманыма жетер ме екем?
Шер жұтып жатырмын ғой шекер көкем.
Есімнен ертелі-кеш бір шықпайсың,
Жыңданып сені ойлаудан керет ме екем?!

VI
Жанымды жақсы қазсаң алтын шығад,
(Өксікке жатыр жанбай алқым шыдап).
Шабытым шарқ ұрып бір сағыныштан,
Жазылды жырмен тағы алтыншы хат.

Ыстыққа қап-қара боп күйіп кеттім,
Не сәні бар, қап-қара күйік беттің?!
Ішім жалын маздаған жүрек оттай,
Өйткені өзіңді өле сүйіп кеттім.

Жазбаймын жан мұңайтар күйік өлең,
Күйіп кетсін кешегі күйік өлең.
Өлсем жаным түбінде жанартаудай,
Саған деген махаббаттан күйіп өлем!

Сертінен сүйген арлы жар таймайды,
Тәлейсіз жан тағдырдан тартар қайғы.
Кетсем де ерте есейіп есім кете,
Махаббат мәңгі саған қартаймайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу