Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  101


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

НҰРБОЛАТ ӘБДІКАДЫРҰЛЫНА

Елең қылмай ешқашан сырқатымды,
Қыран-қиял қиырға шырқа түнгі!..
Қабыл алғын қаламдас қадірлі інім,
Жолдадым сәлемменен жыр-хатымды.

Уақыт торын білдірмей жаяды арбап,
Күйбің тірлік бітпейтін даяр әр уақ.
Кеше ғана кез еді кездескелі,
Санап көрсем кетіпті ай аралап.

Дауа жоқ қой, дауа жоқ бұл уақытқа,
«Өтіп барам» деп бізге тіл қатып па?!
Уақытты қой, Нүкетай сал боп жатқан,
Дауа жоқ қой, дауа жоқ Нұрбақытқа!

Жастығының жайылмай жапырағы,
Жатақ болып жақсы ағаң жатыр әлі.
Күнді күлмей күрсіне батырады,
Түнді ұйқысыз қиялмен атырады.

Батты қатты тағдырдың тырнағы да,
Бұл да ағаңның көретін бір бағы да.
Бар болғанмен атымда «бақыт» атау,
Затымда жоқ бақыттың жұрнағы да.

Азап тарту тәңірдің тастығы да,
Қатыгез бұл жалғанның қастығы да.
Ішім удай ашиды, ішім удай,
Жылап өткен жарымжан жастығыма.

Өмірдің ғой түрі жоқ жарытатындай,
Әзірге азап көтерер арқа тыңдай.
Бірақ әйтеуір шүкіршілік бұл күніме,
Өміріме өкпе жоқ артатындай.

Жәй осылай Нүкетай көзін көрген,
Бұл сұрыма қарамай сөзім де ермен.
Маңдайыма жақсы күн жазылмаған,
Маған Алла тек қана төзім берген.

Жасырмаймын жатқанмен жылап ішім,
Жырым ғана жұбатар жұбанышым.
Бәрі сонда жүректің жарлығымен,
Қайсарлығым, қуатым, қуанышым.

Сан қиял бар бақырдай баста мынау,
Жанарымда жарқ етер жаста бұлау.
Мылжың екен демегін мына ағаңды,
Біраз сырды сапырып тастадым-ау!

Таңда таяу, Нұрбақыт, қой тоқтағын,
Ертең жазар жырыңа ой топтағын!

Айтпасам да жәйімді білесіңдер,
Жан аға деп жан басып жүресіңдер.
Сезімдермен Мұқандай күресіңдер,
Үш аттас ақын жігіт Нұр... есімдер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу