Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  167


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ЖАНБОЛАТҚА ӨКПЕ-НАЗ

І
Армысың, Жәкежан-ау, бармысың?
Қайда сайрап жүр екенсің зар құсым.
Тиер болса тиер еді «қарғысым»,
Кім біледі обалы бар «жармысың»?

Әуелі өзің тірімісің қара нар?
Менде күдік сыздауықтай жара бар.
Сенің қайғың күн күйгенге қара бар,
Өмір барда өлім де бар, нала бар.

Жоқ тірісің!!!
Сен Үрімжідесің.
Қалжыңдағанымды әрине білесің.
Бұлбұл болып бақта сайрап жүресің,
Сайраған жүрек сарғайып неге жүдесін?!

Құл болып досым кеттің бе қалай уақытқа?
Белшеден батып жүрмісің әлде бақытқа?
Көзіңді сатып жалт еткен сағым жаһұтқа,
Жүрмісің мініп, құйындай құйғып шабытқа?

Адамдық ардың қиып бір тастап кермесін,
Сылқымдар сылып алды ма көздің пердесін?
Қой досым, сезімге сенім ермесін,
Жағыңа бір күн жанып бір жарың пермесін?!
-Саумысың одан?
-Сау болсаң, сау бол, сабырлым,
Көзіңнен емес, сөзіңнен шындық танырмын.
Мен деген досым, сен үшін жаңа жанрмын,
Қарыс алдым жерде, қасыңда тұрмын қабірдің!


Бар ма айтар сөзің, қалмағын қарап үлгермей,
Қысқалап айтқын (қоя тұр, жаным, күлдірмей).
Өзім де әрең сөйлеймін шатып тіл күрмей,
Тылсым бір тірлік кетпесін алып күлдірмей?!
Бар ма айтар сөзің, қалмағын қарап үлгермей!

Мұқа ағам мені шақырып жатыр қасына,
Рұқсат берші барайын досым басына.
Қош айттым елдің талына, тау мен тасына,
Жан досым жалғыз қалдым деп бірақ жасыма,
Мұқағали мені шақырып жатыр қасына!

Хатымды біттім, конверт аузын жапсырдым,
Жырымды саған аманат етіп тапсырдым!!!

ІІ
Хатыңды оқып, мен тұңғыш жылап тұрдым,
Жасыды деп ойлама бірақ құрбым.
Ызыңдаған бір үнге құлақ түрдім,
Қайғы деген қақпасты құлаққа ұрдым!


Хатыңды оқып, мен тұңғыш жылап тұрдым,
Шытырманда қалғаным шын-ақ құрбым.
Мен әзірге бәріне шыдап тұрмын,
Кім біледі жарқ етер шырақ бір күн.

Хатыңды оқып мен тұңғыш жылап тұрдым,
Мен сияқты қан жұтып, жылап тұр кім?
Өмір деген рас-ау сұрақ құрбым,
Жауабымды өмірден сұрап тұрмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу