👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  99


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ЖЕЛДЕН СӘЛЕМ ЖЕЗДЕҢНЕН

(Іле пед. институтында оқып жүрген Жанарға)
І
Сағына сәлем саған, Жанар балдыз,
Аяулы албыраған анар-балдыз.
Қайырымды қарындастар тұрғанында,
Бұл жездең өзін қалай санар жалғыз.

Армысың асыл балдыз, аппақ балдыз,
Дәмі балдай татитын тәтті-ақ балдыз.
Қабат-қабат бинаның арасында,
Жүрмісің кітабыңды жаттап жалғыз.

Қарс айырып қабағың қара түнді,
Жанарыңнан жасқанып қала тынды.
Айдынында білімнің аққудай боп,
Жайып тастап жүрмісің қанатыңды.

Өмір деген рас-ау тамаша жыр,
Тамашаға тамаша жараса жүр.
Әпкеңменен екеуміз ойда-жоқта,
Хатыңды алып оқыдық таласа бір.

Рахмет балдызжан лебізіңе!
Шын тартыпсың тек білер негізіңе.
Құлашыңды сермей бер теңізіңе,
Арығы не білімнің, семізі не?

Қуаныштан жаздадық жарылардай,
Жезде-балдыз емес пе ек сағынардай.
Тұрып кете жаздадым төсегімнен,
Күш біткендей аурудан арылардай!

ІІ
Балдызжан сағынышым барады асып,
Әпекең күнде ұрсады «далаға шық!».
Әттең-ай, аяқ болса неге тұрар,
Екі жүз километр арақашық...

Басымнан бақыт шіркін бірақ безген,
Келемін тамызбай жас, жылап көзден.
Дес бермес өлең десе әлі ешкімге,
Сал болып жатса дағы «пырақ» жездең.

Мәңгілік сұлулықта қал бұзылмай,
Маңдайға айдай біткен балдызым-ай!
Не тірлік кешіп шіркін жүр екенсің,
Ертегі еліндегі хор қызындай!..


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы