Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  113


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТҰРҒАНБАЙ АҒАЙҒА

І
Ассалаумағалейкум, Тұрған аға,
Сағына сәлем жаздым жырдан аға.
Күніне мың-мың сәлем жолдар едім,
Басымнан арылмады бір қам аға.

Аяулы әпкем, Күмісхан, сәлемет пе?
(Ойларсыз өлең жаздым пәле деп те).
Күніне мың-мың сәлем жолдар едім,
Жолықтым ауру деген әлеметке.

Сәлем басқа көрмеген Ата-аналар,
Сәлемімді ыстықтай хат апарар.
Сәлем ағай, аяулы қарындастар,
Бүлдіршін інілерім – Ботақандар.

Сәлем саған елігім, ерке, Медет,
Жүр ме екен ағам мені ерте ме деп?
Біздің жақта алмалар уылжып тұр,
Қолың тисе құлыным бер(і) келе кет!

Сәлем Қазақ, Сары арқа атамекен,
Атамекен жаныңа батады екен.
Адасқан үйірінен жетім тайың,
Дәм жазып балаусаңды татар ма екен?!

ІІ
Жатқанда тар төсектің талқысында,
Тас бауыр сұм өмірдің тартысында.
Тұрған аға, қуандым хатыңды оқып,
Тұп-тура дәл, маусымның алтысында.

Хат алып қалдық бір сәт қарық болып,
Кеткендей үйімізге жарық толып.
Күйдірді бір қимастық көкіректі,
Маздаған қоламтадай жанып болып.

Көл етіп көзіме көп жас алайын,
Қайдан, аға, мауқымды баса алайын.
«Шырағым-ау, Нұрбақыт...» деген жылы –
Бір ауыз сөзден қайтіп аса алайын.

Тіршілікке масылмын, өмір салмын,
Құмға шығып қурайтын өрім талмын.
Сіздерге бақыт тілеп, саулық тілеп,
Міне, тағы қолыма қалам алдым...

Тұрған аға, рахмет кеңесіңе,
Ұмытпастай сақтадым мен есіме.
«Біздің Отан» газетке реттеп ап,
Өлеңімді жіберем келесіде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу