Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  247


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

АРАҚ ҚАЗАҚ

Құдіретті заңымнан нәр ап санам,
Арыз айтам аянбай арақ саған.
Сені ішіп ұшпаққа шыққан ұлт жоқ,
Өзіңе еріп өмірлер бар ақсаған.

Имандыға халқымда бата бар-ақ,
Сенбей жүрміз дінге де қата қарап.
Ата дәмі ақ еді қазағымның,
Сені қайдан тапты екен атау*-арақ.

Есің барда елім-ау ерлік ізде,
Жем боламыз ит-құсқа желді кезде.
«Ақылдылар», ақ көңіл – Ақымаққа,
Ата дәмін сый қылып берді бізге.

Жіберген соң жігерді жасық қылып,
Өнер шықты бізден де пасық қылық.
«Қарап жатып қайтемін» деді дағы,
Қазақ алды арақты кәсіп қылып.

Қуат болып қу арақ сөзімізге,
Құдірет боп көрініп көзімізге.
Қорс-қопасын шығардық күл-қоқырдың,
Шошқа болып шошитын өзіміз де.

«Жасырмайды мұрнын пұшық» деген,
Ұлт болдық-ау ұрты у, ұшық жеген.
Қазақ едік қарулы, арақ сенен,
Иттей болдық ілмиіп құсық жеген.

Қысыр қалды кешегі «құтты қарын»,
Ішімдіктің сан алуан жұтты бәрін.
Қу арақтан құруда маскүнем боп,
Ел басқарар ертеңгі мықыларым.

Тайып түсіп стақан – мұзымызға,
Арақ татып нанымыз-тұзымыз да.
Аз болғандай ақ ішкен азаматтар,
Қызыл арақ қлғиды қызымыз да.

Айналады құныға қызыл-аққа,
Қызымыз да кіреді «ұжымаққа».
«Қазақ ауыл – қаптаған қалың мас» деп,
Қалып жүрміз ұят-ай ұзын атқа.

Алқымдаса қайтер ек аштық келіп?
Көрген қазақ едік қой аштықта өліп.
Атамыздан қалған мол бақ-дәулетті,
Арақ саған аямай шаштық келіп.

Не дәмің бар сол құрлы құнығардай?
Қасиетіңді қу арақ жын ұғардай.
Ашуды да алдымен сенен алдық,
Атамыздың алты алас құны бардай.

Шырқап іштік шықпадық шерімізден,
Ауып түсіп мерт болдық ерімізден.
Қалта түбі араққа қағылғанда,
Жұрдай болдық жан бағар жерімізден.

Жарнама боп жар салар жаңа арақтар,
Дүкен кірсең көз тұнып, сан алақтар.
Жас отаулар ойран боп оған ерген,
Шайқалды да шағылды шаңырақтар.

Ақыл айтар азайды қария да,
Маскүнем бар әйтеуір әр ұяда.
Сан мың адам ішсе де сарқылмайтын,
Арақ деген айналды дарияға.

Өзге халық ұмтылды өрге қарап,
(Арызымды айтайын бөлме қарақ!)
Төредей боп тұрасың төрде де арақ,
Көз сүзесің қазаққа көрде де арақ.

Мына тірлік қай тірлік теңге тірлік,
Есіргенге табылмас емге тірлік.
Теңіз түбі қайранға малтыққандай,
Қазақтық пен қадірді тең кетірдік.

Қиналамын аурудай азапты ойдан,
Ұяламын масы көп мазақ тойдан.
Арақ саған айырылмас дос болған соң,
Қарық болар қайтейін қазақ қайдан?!

Жаратқанда жан халқым жаратты аз-ақ,
Тағдырыңа «Хан**-дар» да таратты азап.
Кешірмесең кешірме кемтарыңды,
Бетіңе айтам мініңді Арақ-Қазақ!
(*Атау—атукере, өлім алдында ішеті ас.
**Хан—Хан ұлт, Ханзұ, Қытай)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу