Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  144


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

АРАҚПЕН ҚОШТАСУ

Бұзылған соң шырқы көп осы-ай тұстың,
Арақ деген араммен көп айтыстым.
Төрімдегі төрт жылдық «төрем» еді,
Қия алмады, қиналдым, босай түстім.

Еркін билеп алыпты ес-ақылды,
Бес басылып, без бүйрек бес атылды.
Мен де қарап қалам ба, періп қалдым,
Безіп кетті... екен ғой сесі ақырғы.

Көрместей боп кетті ол енді мені,
Жеңдім бүгін, ол мені кеше жеңді.
Басы ауырса Нүкеңнің, ағайындар,
Қаймақты шай болады ендігі емі.

Жанымдағы жабысқан жынды айырып,
Көңіл құрғыр жуасып тұр майрылып.
«Төрт жылымда не жұмыс тындырдым» деп,
Арт жағыма қарадым бір қайырылып.

Бұлдыр елес... бәрі де қарап тұрмын,
Өзегімді өртеді жалап бір мұң.
Көп сағымның ішінен күлімсіреп,
Амандасты алдымен арақ құрбым.

Жарығым-ай, жарқ еткен мұнарымнан,
Тамақтағы таныдым «тұмарыңнан».
Сені ішкенде кетуші ем сері болып,
Қанша ішсем де қанбаймын құмарымнан.

Сені ішкенде шіркінің шіреп тұрған,
Көпестейін көп ақша күреп тұрған.
Алып батыр сияқты аспаныңды,
Өзім ғана болушы ем тіреп тұрған.

Сені ішкенде кетуші ем көпіріп мен,
Кейде жылап жатамын өкіріп мен.
Кедейлікті ұмытып кейде әуелі,
Бай боп кетем бір демде өтіріктен.

Сені ішкенде қиялым қаңғыратын,
Қара басты қаһарың қан қылатын.
Сезім билеп бойымды балқығанда,
Құлағымда қыз үні жаңғыратын...

Сыздап тұрған ішімді бос етем деп,
Барлығына сыр шаштым дос екен деп.
Сені ішкенде кетуші ем шалқып-тасып,
Дүниенің қызығы осы екен деп!

Қызық деген өтті ғой талай бастан,
(Талай кітап, хикая, талай дастан).
Енді білдім қызығы құрып қалсын,
Жердің бетін ұялмай қалай басқам?!

Қош бол, арақ, міне енді азат басым,
«Молдеке» деп мейлі дос мазақтасын.
Көше барсам ұялып қайтам үйге,
Көремін де маскүнем қазақ жасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу