Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  124


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

«ҮШ ИТ»


Бір жігіт бар ауылда алаңғасар,
Астан бұрын араққа аранды ашар.
Сұрын көрсе сұмдық-ай сол шіркіннің,
Адам түгіл алдымен Қабан қашар.

Басы қайсы білмейсің шашы қайсы?
Миы қайтып жүр екен сасымайшы?
Осы бастан табылар талай «өнер», -
Арақ, шылым және де насыбайшы.

Ертегінің есірген бақсысындай,
Қуырмады құрдастың апшысын қай?
Күн кезеді жалақтап түн кезеді,
Күзет қойған көшенің сақшысындай.

Қырсығы ол атақты қырдың бұзық,
Басын жарды талайдың мұрнын бұзып.
Ұйықтап қалған жерінде құсығына,
Екі-ит қоса мас болды бір күн қызық...

Жыламайсың сен оған күлесің де,
Күліп тұрып бір шындық білесің де.
Бала-шаға мәз болып жүр айқайлап,
«Үш ит жатыр мас болып күресінде».

Дарақылар «Дарға» өстіп дара кетпек,
Ар-ұяттан айырар арақ ептеп.
Итке үлпет атанып жігітіміз,
Қалып тынды қайтейін қара бет боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу