Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  151


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ӨКІНІШ

Пай, пай, пай мына сылқым сымбатын-ай!
Құлақта сырғасының қымбатын-ай.
Жастықтың лапылдаған жалынымен,
Қылыштай қылпылдайды қынға тұрмай.

Оттан шыққан терідей күйіп түрі,
Сүйсең арман жоқ мұндай «сүйіктіні».
Адам емес, хайуанды салады еске,
Өкшесінің бір қарыс биіктігі.

Жабыстырып кигені етке ала сым,
Өн бойыңды ойпырай жеп қарасын.
Көп-көк ала көздерін көріп тұрып,
Таяқ жепті біреуден деп қаласың.

Бір қолымен таянып бір қапталын,
Бөксе белдің жүрісі-ай ырғап бәрін.
Қанға малып алған ба деп қаласың,
Көрсең сұмдық қып-қызыл тырнақтарын.

Айтып-айтпай керек-ай беу несіне?!
Бір зұлымат қарауың кеудесіне.
Оған құрбым құрысын сезіміңнің,
От түсіре көрмегін делбесіне!

Қызғанатын сұқтанып ай да көктен,
Кеше Баян, Жібектер, Майра да өткен.
Сұлулығын табатын табиғаттан,
Қайран Қазақ қыздары қайда кеткен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу