Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  140


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ШАБЫТТЫ, ШАБЫТСЫЗ ШАҚТАРЫМ

Өлең, жарым өмірде жан асылым,
Мұңайғанда мұңаяр жан ашырым.
Содан тауып шабытты шаттығымды,
Содан тағы аламын жан ашуын.

Ақын болып тым-тырыс таңда түнді,
Тіл қатады сыбырлап «жын» да түнгі.
Содан білем қиялшыл арзанымды,
Содан тағы білемін қымбатымды.

Ару жырым – төсіңе Ай құлатамын,
Арманымның атырып құла таңын.
Содан сонша өзімді қуантып-ап,
Содан тағы өзімді жылатамын.
***
Жырлап келем,
Жырлай берем тынбаймын,
Жырлап кетсем жылыстайды мұң қайғым.
Құйқылжыған құс үніне құмартып,
Бұлақ үнін бұла таңнан тыңдаймын.

Бұлақ та өзім, құс та өзім боп кетемін,
Қиялымның жетелеп жел жетегін.
Орман-көлі, тау мен тасы тамсантып,
Мені өзіне тарта берер мекенім...

Күйім қашып жүр бүгін күйім қашып,
Отырғаным омайып үйімде ашық.
Бір ауыз сөз таба алмай кейде жырға,
Мың ауыз сөз сапырам миымды ашып.

Бір тоғайып бұл күнде бір азамын,
Осындай ма өмір-ай сірә заңың?
Арлы сөзде әкемнің құны бардай,
Тартып жүрмін тәп-тәуір жыр азабын.

Кірпік ілмей атырдым талай таңды,
Мені өлеңге құдірет қалай таңды?!
Жақсы жырды жаза алмай қалғанымда,
Жанарымнан жас моншақ талай тамды.

Бақытымды бұл жырдан табар ма екем,
Тартып азап таба алмай қалар ма екем?!
Ең болмаса Қасымның ақындықта,
Қолына су құюға жарар ма екем?!

Жарасады салмақты жай тебінім,
Ала құйын ақын боп қайтем, інім?!
Нұрбақыт Мұхаметжан болсам болды,
Салыстырар Қасымның қай теңімін?!

Жыр жазбай түк, өтіпті талай күнім,
Жүрек байқұс алды екен қалай тыным?
Кейде осылай қаламды құр қаңтарып,
Бәйге атындай бар еді жарайтыным.

-Жыр жазғын, -деп қояды жар да жебеп,
Жауап берем жазбадым жарға не деп?
-Көп күн болды күлмейсің күбірлейсің,
Күйсіз жүрсің күнім-ау, бар ма себеп?

Деді жаңа жан жарым үндемедім,
Жанарында тұнып тұр мұң дегенің.
Амал қанша, алтыным, айып етпе,
Келе бермес шабытым күнде менің.

Сені жырмен не жетсін қарық еткенге?!
Қабағыңа қараймын қалт еткенде.
Өлең селі төгілер өздігінен,
Шабыт – щақпақ найзағай жарқ еткенде!..

Айым туып кейде бір тұрса оңымнан,
Қырсығым да қалмайды қыр соңымнан.
Бақырауық бақташы сияқты сор,
Қуып шығып жатады жыр соңымнан.

Құмар болып қалдым ба құр дәмеңе?
Туым биік желбіреп тұр ма қане?
Сұлуынан суынған сұмырай-ай,
Зауқым бүгін соқпай жүр жырға неге?!
***
Өткеріп келем сәтті ауыр,
Жаратқан маған жат бауыр.
Кей іске кейіп жүргенде,
Кетіпті уақыт тәп-тәуір.

Жарға да жырғап қарамай,
Қаламға қауқар жарамай,
Өкініп жүріп өткенге,
Өтіпті төрт-бес арада ай.

Күпісін киіп күдіктің,
Күбірге құлақ түріппін.
Өзімді өзім өрт сөзге,
Өртердей болып жүріппін.

Қышыса кейде қотыр мұң,
Жырыңа керең соқырмын.
Күйзеліп өткен күніме,
Күйініп енді отырмын.

Жәй таран мейлі жәй таран,
Құс – көңіл қайта айтар ән.
Ес-түссіз кеткен кездердің,
Есесін енді қайтарам!

Кеудені кернеп ғашық ән,
Жалынды қайтып жасырам?!
Шабытсыз өткен шақтардың,
Шанағын жырдан асырам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу