Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  106


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ЕСКЕРТУ

Күйкі тірлік тұрмысқа бас қатырмай,
Жасау керек жан досым қас батырдай.
Өрт жайлаған өмірдің өксіктері,
Алған жоқ па алқымын ас батырмай?!

Аяғы аяз, өмірдің басы көктем,
Ізі жатыр батырлар басып өткен.
Ақиқаттың арына араша боп,
Көкжал ақын Махамбет басы кеткен.

Тоғышар боп тоқтыққа жатып азба,
Бақыттымын демеші батып азға.
Бақыты үшін біздерде басы кеткен,
Батыр менен аяулы ақын аз ба?!

Тірелсе де мұрныңның жаны ұшына,
Тағы сына өзіңді, тағы шыда!
Сол ерлердің ешқашан екеуміз де,
Кір түсіріп алмайық намысына!
***
Маған пәле жапсырсаң да неше алуан,
Сен-ақ болшы бағың жанып есе алған.
Кешіремін бәрін дағы, алайда,
Ерсі айтсаң, ел жайлы еш кеш алман!

Итерсең де өз басымды орға сан,
Кек сақтаман, келер жолда-ақ қолдасам.
Жағаласып өлем егер жолында,
Ана тілді қоразсынып қорласаң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу