Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  119


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

КӨЗГЕ ІЛМЕСЕҢ

Қылышыңнан кем соқпайды қамшы да,
Бір тартқанда тіл тартпайсың жан шыға.
Бір шөліңді қандыруға жарамас,
Тама-тама... тас теседі тамшы да.

Палуан десе ілмигенді жәй деме,
Астында оның жатар жардай май дене.
Көзге ілмеген кер шолағың кейде әуел,
Бірінші боп озып келер бәйгеде.

Біздің қазақ тұмауыңды ескермес,
Тұмау шапса дәрі-өкілге дес бермес.
Басы ауырса жүгіреді бақсыға,
Дәрігерді жанға араша ес көрмес.

Үлкендікте тышқанменен піл тең бе?
Батырлықта тышқан мықты күлсең де.
Көзге ілмесең көне шапан кигенді,
Қалтасынан шығар «пашкы» пұл, теңге!

Әпкесіне жүрген кезде ой кетіп,
Күйеу болып шыға келсең тойда өтіп.
Әйеліңнің көзге ілмеген сіңлісі,
Бір-ақ күнде шыға келер бой жетіп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу