Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  106


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ӘТТЕҢ


Ататындай алдан бір күн бақыт таң,
Жасамаппын ертеңіме жатып қам.
Алданбайын десем дағы біреуден,
Алданып-ақ жүрмін осы уақыттан.

Қанша аңдап сол уақытты бақсам да,
Тарс бекітіп тас қақпамды жапсам да.
Қалғып кетсем жыр үстелдің үстінде,
Қарғып кетер қамалымнан ақсаңдап...

Кетсе кейде мына басты ой кернеп,
Ой кернесе кетем мүлде той көрмей.
Бар қаталдық басын иіп жүргенде,
Уақыт ғана жүр ғой маған бой бермей.

Тұратындай бір жан емес «тәйт!» десе,
Тоқтар еді Құдай ғана «қайт!» десе.
Тұсау түсіп тұрғанымды қарашы,
Әттең, бәрін тындырар ем әйтпесе!
***
Оқиға өтіп жатыр түр-түрімен,
Қоштастым міне тағы бір күніммен.
Шыр-шыр еткен сағаттың үнін естіп,
Бұзылды ойпырымның шырқы мүлдем.

Бір тәтті ойды жаңадан бастадым ба?
Қара үзіп қала берем қас қағымда.
Талыққан таңғы ұйқымды тағы бөлер,
Шыр-шыр... еткен сағатым бас жағымда.

Құрғыр-ай шыр-шыр үннен құтылмадым,
Сағатты шағайын ба?!
Құтырмадым.
Қайда да осы үн жүрер асықтырып,
Ал бірақ асыққаннан ұтылмадым.

Біресе өрлеп, біресе жолым құлдап,
Шалбар тозды шабыстан, тоным құрғап.
Атар таңнан батар күн арасында,
Асықтырған, арман-ай қолын бұлғап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу