Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  126


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

КАЙРАН ҚАРА СУЫМ

...Тамдары онда ауылымның қотыр бет,
Қотыр тамда хан сарайдай отырып ек.
Бір айрығы аққан айдын Іленің,
Атаушы едік қара суды «Шоқыр»-деп.

Шоқыр деген шортан толы қарасу,
Қара суым кәдімгідей сала су.
Жаз бен күздің арасында жататын,
Қара суда қаз бен үйрек бала шу...

Қарасудың жағасы еді ну қамыс,
Ну қамыстан қоян-түлкі қуғамыз.
Темір байлап сырғанаушы ек табанға,
Қатқан кезде қалың қара суға мұз.

Қара судың жағасы көк, көп қоға,
Ондай қоға ешбір жерде жоқ тоба!
Қамыс-қоға салушы еді ел, үй жапса,
Қамыс-қоға жағушы еді отқа да.

Қамыс-қоға бауырлар ғой қаны бір,
Қара судың хас сұлуы ед сәні бір.
Үкілері желпілдейтін жел соқса,
Бойға жеткен боз арудай жаны дүр!

Мініп алып нар қамысты ат қылып,
Шапқылаупіы ек шарқ ұрып та, шат күліп.
Ойнайтынбыз қоғаның сұр үкісін.
«Гранат» қып бұрқыратып лақтырып!

Қамыс-қоға қара ормандай арасы,
Айбалта ауыз қабанның ед панасы.
Қарасуға көп шомылып, көп күйіп,
Ержетіп ем елдің қара баласы.

Бірде жүнжіп жұргенде бірде байып,
(Бүгінгілер кесірін білмеді айып).
Қамыс-қоға, Қарасу, қаз бен үйрек,
Балалықпен кетіпті бірге ғайып.

Кінәлаймыз несіне жай халықты,
Тұра бермес заман да жай қалыпты.
Қалың қамыс, қора орны қара тақыр,
Егіндікке еріксіз айналыпты.

Көзден ұшып көкпеңбек жалтырым да,
(Тас тұрғандай тарылды алқымым да).
Аржағьша атты адам әрең өтер,
Қайран қарасут бүгін балтырымда.

Құрақ екеш, құрақты қырқып майда,
Тапты ма ел сол жерді жыртып пайда?
Қарасуда қамсыз бір қаңкылдайтын,
Қаз-үйрегім кетті екен үркіп қайда?!

Табиғатты осы адам зар илетпек,
Бірақ ертең қадірін таниды ептеп.
Жаңа ұрпақты жаңалық қуантқанмен,
Бізді қашан қуантар қаз-үйрек кеп?!

Ойларымның алып бір ұшын жиып,
Бойдағымның бақсам да күшін жиып.
Қарасуды көргенде қайран мына,
Ішім күйіп, кеткені-ай, ішім күйіп...

Туған жерге сағыныш жиі ап барар,
Туған елім, ұлына сый ақтарар.
Қарасуды көргенде қан жылаған,
Балалығым жылаған сияқтанар.

Зар-мүңымды тартылған бүлаққа айттым,
Қыршынында қырқылған құлаққа айттым.
Қарасудың қайғысын көзбен көріп,
Қара судай суалып жылап қайттым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу