Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  177


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

АСЫЛ МҰРА


Айналайын аңқау атам ақ тонды-ай,
Өткен екен басыңа түк бақ қонбай.
Маңғаз басып сонда да тік жүріпсің,
Алдында мың, мал мыңғырып жатқандай.

Кедейлікке кейімепсің кеммін деп,
Мықты байды менсінбепсің менмін деп.
Төрелермен төрге бірге шығыпсың,
Атым адам, тереземмен теңмін деп.

Талай ығыр тар кезеңде талмапсың,
Сен де атаңның қайсарлығын жалғапсың,
Той дегенде серілікте топ жарып,
Өнер десе алдыңа жан салмапсың.

Бір мақсатқа жету үшін бекіпсің,
Өнердегі өз қияңа жетіпсің.
Ұлы өмірден аттанарда артыңа,
Үй қалдырмай, күй қалдырып кетіпсің.

Сол күйіңді қағып апты мына әкем,
Әкесіне тартып туған, сірә, әкем.
Үй дегенің — тозып кетер бір мүлік,
Күй дегенің — жоғалмайтын мүра екен!

Айналайын, ата неткен алтын ең,
Бала кезден күйіңді ұғып балқып ем.
Әлгі күйді, Ата, мен де әкемнен,
Қалт жібермей қағып алдым қалпымен.

Байлық менің бас үратын не теңім?
Өнер қуып желпілдейді етегім.
Ата, сенің асыл мұра күйіңді,
Шөбереңе мен де үйретіп кетемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу