Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  93


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ҚАЛҚАМА

Қалқам, маған алып бер қаламымды,
Бір тықсырып тастайын нала мүңды,
Табысайын тағы бір танысайын,
Қызығымен қылықты бала күнгі.

Қайсы бірін айтайын қызығымның?
Бар жетерлік «жемісі» бұзығыңның.
Кеше Нүкеш кербез боп тұрған кезде,
Көзі маған түспеген қызы кімнің?!

Серісі едім, сымбатты бір ауылдың,
Бір сұлуға ғашық боп бір ауырдым.
Сартап болып жатқанда сар күйіктен,
«Дерті сүзек-деді, ел-мына ұлдың».

Жаным — жалын, өртеніп жаттым айға,
Анам күнде жалынды хаһ Құдайға.
Дәп баса алмай дәрменсіз дәрігер де,
Сырын сырлы сырқаттың тапты қайдан?!

Әлгі сұлу көзіне ілмей кетті,
Тарттым содан тәп-тәуір бір бейнетті.
Жалын сөніп жазылдым жүректегі,
Сырқат сырын ешкім де білмей кетті.

Жігітіңнің бұл шындық сөзі білсең,
Кейде көңіл бұзатын сөзі бір — сең.
Бақытттымын басқаның керегі не,
Қалқам, мені сен ғана көзіңе ілсең.

Қалам алсам шабытты шайқады егес,
Шатпақтады-ау, санамды сайтан елес.
Қанша айтсақ та, қалқатай, басымызға,
Бал балалық қайрылып қайта келмес!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу