Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  115


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ЖҮРЕГІМ-АУ

Жүрегім-ау, сен осы не білесің?
Бұлқынасың, тулайсың, тебінесің.
Шаттанбасқа шаттанып шарқ ұрасың,
Егілмеске ерігіп егілесің.

Кейде ақылдан алжасып айырыласың,
Сақтап қалдың қарттардың қай мұрасын?
Қуанбасқа қуанып құрақ ұшып,
Қайғырмасқа қамығып қайғырасың.

Жүрегім-ау, түк сені тусінбедім,
Қиын екен сені шын түсінбегім.
Ұрынбасқа ұрынып ұран салып,
Талай жерде қайтып жүр мысым менің.


Жебеушім деп жүруші ем сеніп бір мен,
« Қан майданға» қайрасаң келіп кіргем.
Талай жерде жатқанын қан-жоса боп,
Ол да сенің желігің желіктірген.

Жүрегім-ау, алдымен арды сына,
Жеткен кезің жетелеп зар түсыңа.
Кім біледі тіліңе кіремін деп,
Қалдым ба екен қыздардың «қарғысына» ?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу