Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  148


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

МАХАББАТ

Туған ел деп тағдырың бөлінбеген
Өмірде өлең, қадірлі өлімде өлең
Махаббат па?
Махаббат – есіркеген,
Еңіреген ер үнің елім деген

Ақыл асып жатса да дана да ерен,
Ана алдында әрқашан бала дер ем.
Махаббат па?
Махаббат – мейірі мол,
Ең асылың аяулы ана деген!

Аспан тіре тау көтер жотаңменен,
Қорқытпайсың ешкімді қоқаменен.
Махаббат па?
Махаббат – от әнменен,
Ең айбатты айбарың Отан деген.

Тілдес жан мен жаралы зар үнменен,
Бойыңдағы адамдық арыңменен.
Махаббат па?
Махаббат – арыңменен,
Жаңған жалын жүрегің жарым – деген.

Арман құсың аққудың қанатынан,
Ғашық әнің – аяулы ән, дара туған.
Махаббат па?
Махаббат – мәңгілікке
Шын сүю мен арыңнан жаратылған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу