Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  113


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

АЛА КҮШІКПЕН СЫРЛАСУ

Ит ату бұйрығы түсіп, үйіміздің
Ала қаншығы атылып, ала күшігі жетім қалған еді.

Сырласайық келе ғой ала күшік,
Зәрең сонша несіне барады ұшып.
Жетім болсаң қайтейін мен де жетім,
Тағдырымнан жатырмын нала құшып.

Атып кетті анаңды кеше адамдар,
Баласы үшін өлерде шеше алаңдар.
Кешір мені күшігім, көріп тұрдым,
Арашаға түсетін не шарам бар?!

Көп болсада қасымда құмша ағайын,
Тынып іштен мұңымды тұмшалайын.
Бір жетімді бір жетім түсінер деп,
Ит те болсаң мен саған мұң шағайын.

Баласы үшін су кешіп өртке кірген,
Менің де анам мезгілсіз өтті өмірден.
Тағдырына араша жан шықпаған,
Содан менің жанымды дерт кемірген.

Күшігім-ау, сен соны білесің бе?
Анамыз жоқ екеуміз бір есімде.
Күшік болып көрейін мен орныңа,
Адам болып сен өмір сүресің бе?

Тағдыр бізге тартқанын қайырмас та?
Көркімізден көрген жан айырмас па?
Амал қанша адам мен Ит тағдыры,
Түспейді ғой түспейді айырбасқа!

Күшік болып күн кешіп жүре бергін,
Адам боп келеді өмір сүре бергім.
Ақын едім жазайын жырларымды,
Ала ит болып ал өзің үре бергін!

Байқадың ба байғұсым ала күшік,
Басымыздан балалық барады ұшып.
Жүрсің бүгін қолымнан шалап ішіп,
Ертең жүрме балақтан ала түсіп!?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу