Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  145


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Тартыс

Шыр етіп түскенімнен жөргегіме,
Әлі жасап келемін жерде міне.
Бүгін күлсем ертесі жылап жатам,
Айналдым-ау, тағдырдың ермегіне.

Тоқтады қос қадамым басқан алға,
Жазықсыз жүрек байғұс жасқанар ма?!
Аман болса екі аяқ, ауыртпалық,
Түсірер ме ем қайтейін басқаларға?!

Қара басым қайғыдан қайыспаймын,
Сау адамдай жанымды жай ұстаймын.
Қашан тоқтап қалғанша қайсар жүрек,
Қиындық пен өмірде сайыс дайын!

Шашпасам да шашу қып жыр бұлағын,
«Арманымның ақ құсын» жыр қыламын.
Менің жатып қалғаным неге тұрар,
Сендер аман жүрсеңдер құрбыларым!..

Жан қадірін кім білген шырын балдай,
Орылмасын ол көктей, құрақтардай.
От үміттен айырылып жырақ қалмай,
Жасау керек жасымай, құлап қалмай!

Бар көрерім маңдайда, сызықта екен,
Тіршілікте көргенім қызық та екен.
Ей тас бауыр тіршілік, тәлкек етпе,
Шылбырыңды бір күні үзіп кетем!!!
*****
Күнім қайсы білмеймін, түнім қайсы?!
Сияқтанып сал өмір құры ыңғайсыз.
Жаз өмірім жылыстап сұрғылт тартқан,
Жан жайлауға жайланған бірыңғай күз.

Жазықсыз жүрек байқұс сезе ме мұң?!
Алдынан ажал оғын кезегін
Ішінде сан қайғының сапырылып,
Өзектен шер боп шықты өз өлеңім..

Без бүйрек өмірменен бет қарасып,
Берік мінез жүр талмай тек таласып.
Ішінде сан сайыстың сапырылып,
Бір бақытым зым-зыя кетті адасып.

Көрдім ызғар дүние келбетіңнен,
От алдым жігеріме желді өтіңнен.
Асанқайғы атамдай өтермін мен,
Бақытымы таба алмай жер бетінен.

Желмаямдай кетсемші желге мініп,
Жапан түзге жатпайтын пенде біліп.
Өмір-өмір, сенен де кетсем бе екен,
Демде жылап жататын демде күліп.

Жастай кетсем жаным-ай, жылама түк!
Бір құлаған шынарың тұра ма тік?
Жырым қалар,
Кеткенмен жер бетінен –
Нұрбақыт Мұхаметжан Рабатов!
*****

Төрт жылым өтті, тез өтті,
Жиырма бесті күйретіп.
Кесел деген кезепті,
Жаныма алдым үйретіп.

Жетегінде желпіндім,
Қыран қанат қиялдың.
Десін басып дертімнің,
Жанардың жасын тыя алдым.

Тынымсыз тылсым тіршілік,
Қызығың қымбат екен – ау!
Қыршын жаста қыршылып,
Келмеске бір күн кетем – ау!

Ағайын досты «айырылмас»,
Таба алмай қалдым қасымнан.
Қасымда күліп қайырылмас,
«Өшті деп бақыт» басымнан.

Дәрменсіз күнде демеген,
Жанымда жалғыз қалқашым.
Дерт қонған дертті денеме,
Қанымдай ыстық тартасың.

Тәнімді ауру жегенмен,
Сергек қой жаным жортамын.
Тек сенің түскен төбеңнен,
Жай болам ба деп қорқамын!

***

Қайтейін қара баста жиі – ақ мұңым,
Қызарып қимай батар қияқ күнім.
Шыға алмай шырылдаған зарлы құстай,
Қапасқа қамалғандай сияқтымын.

Қу дала құмындағы құрақтаймын,
Қаламын кім біледі құлап кай күн?!
Өрт шалып өзегімді өртесе де,
Жұбатып өзімді – өзім жылатпаймын.

Жатса да жанымды ауыр жаншып қайғы,
Тамшы жас жанарымнан тамшытпаймын.
Жатқанға жазыңда ұзын, күнің батпай,
Қысыңда қиналғанда таң шықпайды.

Өшірмей қоламтасын мен үміттің,
Бақыт күн арман етіп сені күттім.
Саржанбас жатқан мынау сегіз жылда,
Білмеймін нені ұттым, нені ұмыттым?!

Салмын деп салынбадым сары уайымға,
Сау жандай қатарымнан қалмаймын да.
Тағдырдың сынағына қарсы келсем,-
Тозақтың азабында жанбаймын ба!

***
Өмір-ай, өмір қымбатты,
Қинадың мені тым қатты.
«Өкінбей өмір сүрем» деп,
Жүргенде мені жын қақты.

Құбылып күндер кетті алуан,
Жүйрік боп саған жете алман.
Жаңадан басқан жолымнан,
Жаңылып қалдым бет алған.

Соқты да желі бүйірден,
Тағдырым түзге үйірген.
Ап қашып асау арманым,
Адасып қалдым үйірден.

Келген жоқ бөлек сән құрғым,
Сана да арман сан бір мың.
Жапанға жалғыз кеттің деп,
Жазғырма мені жан құрбым.

Садаққа салса жебе едім,
Өзенге салса кеме едім,
Қыраны болып елімнің,
Қияда жүрсем деп едім.

Құр қиял болды бәрі де,
Қарасам нетті әліме!?
Қасқайып жүрем деуші едім,
Қарады күнім дәріге.

Жаратқан менде барр ма айып?
«Жал» бітпеді жарбайып,
Сау кезім қайда сандалған,
Сал болдым міне сарғайып.

Емеспін елден мен ерек,
Жырыңа ғана шебер ек,
Көрерім осы болған соң,
Көп зарлап енді не керек?!

Тәңірге дәтке табынбай,
Өткіздім қате жалынбай.
Өліп – өшіп өмірді,
Жатып – ақ сүйдім жарымдай!
***
Қуаныштан қалғандай құр алақан,
Атпай қойды-ау, кеудемнен бір ала таң.
Алғанменен Алладан сұрап атам,
Тимеді ме, балаңа сірә батаң?!

Шаша бермес шапағат тәңір көпке,
Ақымақпын артқаным Тәңірге өкпе,
Бір Аллаға бас ұрғыз, бас ұрғызсаң,
Ақымаққа күндерім жәбірлетпе!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу