Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  109


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Өмір болса

Кім болжар бүгінгіден ертең қандай?
Сарғайдың сартап болып зертең жандай.
Кеудемде күңіренген күйім тасып,
Кейде бір домбырамды шертем қанбай.

Ондайда көңіл құсым айға ұшады,
Жарқылдап бұлтты жарып жай құшады.
Алайын бүгін жырлап, ертеңгі күн,
Тағдырдың жайылып тұр қай құшағы?!

Қалады көзден аққан жас та қатып,
Жатқаны жамбасыма таспа батып?
Қи, Жаратқан, азғана жарығыңды,
Тілемеймін тек сенен басқа бақыт!

Қаһарланған бурадай кәріңе де,
Аждаһадай шашатын зәріңе де –
Қырсық мінез, қызықсың, азабыңмен,
Өмір болса көнермін бәріне де!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу