Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  105


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

Емхана есігінде

Есігі емхананың аттағанда
Қайтесің қасіретке батпағанда.
Ең алғаш ер болсаң да есің шығар,
Басыңа бар дәрігер қатпағанда.

Қарайсың дәрігердің қабағына,
Шынымен кеселіңді табады ма?
Қабағы түйілгенде сәл ғана бір,
Апыр – ай, ас жүрмейді тамағыңа

Жасыма, жаныңа ой жамап бөтен,
Жатқаның тозақ емес жаннат мекен.
Құдірет – бір құдайда, дегенменен,
Қасиет дәріде емес, қабақта екен!

Жәудіреп жанарыңды жасқа тілме,
Тірлік тас түсінбесең басқа тілге.
Балықтай қармақ құшқан, қан тамырдан,
Ілінген соң жатасың аспа өкілге.

Жатса да жүздеріңнен жел ысқырып,
Танытпа медбикеге теріс қылық.
Ашуланса «ақ ару» ине ұрғанда,
Жіберер жамбасыңды беріш қылып.

Керегі – кең мінез бен төзімділік,
Қарсы алғын ол күлмесе өзің күліп.
Тамырыңды ұстаса жанып кетпей,
Жата бергін өтірік көзіңді іліп.

Бір өкілмен аударып ақыл – естен,
Арбамен ап жүргенде опереске.
Алланы алты қайта аузыңа алып,
Сақта да жата бергін батыл еске!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу