Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  154


Автор: Нұрбақыт Мұхаметжанұлы

ТУҒАН ЖЕР

О туған жер!
Сенің қымбат қойнында,
Бабам жатыр,
Киелі ақ тасында,
Әжем жатыр,
Бабамның нақ қасында.


Содан шығар,
Маған ыстық көрінген–
Жауын шайған тас қабір,
Бір жыр жазсам, әуелі–
Соны жазам төгілген,
Жазба бұрын басқа жыр.


Бір уыс сенің,
Түсі май қара топырағың –
Қара торы өзімдей.
Кейде бір соны,
Кеудеме басып отырамын,
Бабамның қалған көзіндей.

Бір шыбық сенің,
Өрімдей керім көк талың,
Жаныммен сүйген жарымдай.
Сыбызғы желің,–
Жетімнің жеген көп қамын,
Анамның айтқан зарындай.

Жайдары жазың,
Көкорай көк бел көктемің –
Келісті кербез келіндей.
Ақборан аяз, қаһарлы қысың –
Еңіреп тұрған еріндей!
Әруақ жатқан киелі жер,
Қасиетіңе бас ұрам.
Ақыныңмын мәртебеңді,
Жырға қосып асырам.
Батырыңмын әр төбеңді,
Жанарыма жасырам.
Жат таптаса – жағасына асылам!

*****
Дей алмаймын дала, кешкен сорым бар,
Елім үшін болса болсын тоным дал.
Қасиетіңнен айналайын, туған жер,
Сенде маған хан тағындай орын бар.

Қайтем жолын асфальтті қаланың ?!
Онсыз менің көп ойылған табаным.
Неге десең, қырда өскен баламын.
Иір – қиыр қара жолын даланың,
Баспай қалсам сағынып бір қаламын.

Өмір бойы кемтар болып кетйін,
Тағдырымның тәлкегіне төтейін.
Сен бақытты ғұмыр кешші, туған жер,
Мен бақытсыз болып мейлі өтейін!
***

Керегіңе жарамасам,
Неге тудым, неге өстім?!
Кемтар балаң болсамда,
Кемсау балаң емеспен!

Туған жер деп тірлігімде,
Жырлап өту парызым.
Армансызбын деп өтер ем,
Қайтса менен қарызың.

***
Көрмедім қылыш ұстап қолыма мен,
Ұялып отырғам жоқ оныма мен.
Туған жер, керек болса қылышсыз-ақ,
Қияр ем қыршын жасты жолыңа мен.
Туған жер, мылтық атса саған біреу,
Төсімді төсер едім қойныңа мен!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу