Өлеңдер ✍️

  02.12.2021
  224


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

КЕТІП БАРАДЫ...

Қас пен көздің, бауырым, арасында,
Асқақ кеуде соңына қарасын ба?
Басым кетіп барады білегінде,
Санам кетіп барады санасында.
...Көзім кетіп барады бұрымында,
Өзім кетіп барамын жүрегінде.



Аманхан Әлімұлы,
«Ай нұры алақанымда»,
Алматы-2003 ж., 120-бет.



«Қас пен көздің, бауырым, арасында»,
Жазып шықтым бір өлең нанасың ба?
Басым кетті бір қызбен басыбүтін,
«Санам кетіп барады санасында».
Икемделіп тұр екен белі кімге?
Асқақ кеуде асу боп көрінуде.
Көңілім кетіп барады көңілінде,
«Ернім кетіп барады ерінінде».
Сезім кетіп барады от төсінде,
Көзім кетіп барады бөксесінде...
Әр қадамы қадалып жүрегіме,
Өзім кетіп барамын өкшесінде.
Қонатұғын басқа кеп сөз де бақ па?
Салынбайды, әттең-ай, көзге ноқта.
Көзім, өзім сол қызға ерген кезде,
Өлең кетіп қалыпты өзге жаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу