Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  165


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

МЕН КЕТЕМІН, СЕН ҚАЛАСЫҢ КЕГЕНДЕ...

Неге құштар болдым екен өлеңге,
Беймағұлым бір діріл бар денемде.
Маңдайыма жазғаныма көнем де,
Мен кетемін. Сен қаласың Кегенде.
Таң қалады ел ақыл-есі сау ұлға,
Кетіп барам қарайламай бауырға.
Қош айтысып қабыл көрген қауымға,
Мен кетемін, сен қаласың ауылда.
Шаттығымды ортайтты ма ұрлап күз,
Өле-өлгенше бір мұратты қумақпыз.
Өзің жайлы азды-көпті жырлаппыз,
Мен кетемін, сен қаласың, жұмбақ қыз.
Тосса-дағы тағдыр алдан қармағын,
Амал қалмай осы жолды таңдадым.
Үмітімді үміттерге жалғадым,
Мен кетемін, сен қаласың, арманым!
Өрісімді өрнектеп жүр баяу мұң,
Шүкір, қазір ұйқыда емес, ояумын,
Сен қаласың. Мен кетемін таяу күн,
Есендікпен көрісейік, аяулым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу