Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  123


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

МЕН ЖОҚ ЖЕРДЕ

Мен жоқ жерде
беймарал күй кешесің,
Жұпсызбен де, жұппен де үйлесесің.
Шаршы топта шығасың ортаға да,
Жүрген жандай жіберіп биге есесін.
Мен жоқ жерде
айналаң арайланып,
Нұр жүзіңнен тылсым сыр
тарайды анық.
Сылқылдаған күлкіңді тежемейсің,
Қымсынбайсың жалт етіп қарай қалып...
Мен жоқ жерде
еркіңше күліп-ойнап,
Көп жағдайдың ашылар сыры жайлап...
Бас қатыру бір сәтке болады ұмыт,
Махаббаттың мазасыз мұңын ойлап.
Мен жоқ жерде
сені ешкім сынамайды,
Ойламайсың опынтар күнә жайлы.
«Онсыз да өмір ғажайып екен ғой» деп,
Сиқыр сезім санаңа сыналайды.
Мен жоқ жерде,
дүрия-ай, дүрсінесің,
Жүрегіңе жолатпай жыр сүресін.
Мен жоқ жерде...
қаншама жасырсаң да
Мен жоқ жерде
ауыр бір күрсінесің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу