Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  147


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАРАША

Қайтам деп ең ауылға бара сала,
Үнсіз кеттің
бір өкпең тараса да.
Желтоқсанды күтемін жетімсіреп,
Қарашаға жарар деп арашаға.
Қарашаны қатал деп кім ойлаған,
Жүдеп жүрмін жандай-ақ мұңаймаған.
Баққа кірсем бұйығы күй кешемін,
Сап-сарыала сағыныш, күз айналаң.
Сар жапырақ сананы сансыратып,
Жоғалғандай жарты әлем, жарты бақыт.
Қайыңдар да, құдай-ау, қамығады,
Жанарынан жәудір жас тамшылатып.
Жылғасынан көңілдің жиі ақты мұң,
Өзің жоқта мен де жоқ сияқтымын.
Екеумізді аяусыз екі бөлген
Қарашаның қарашы қиястығын.
... Ертең, жаным, табысып жаңаша біз,
Жүрек бірге, жұбымыз жарасамыз.
Бәрі де артта қалады, мәңгі емес қой –
Желтоқсан – қыс, наурыз, қараша – күз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу