Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  909


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АЛҚАЛАСЫН ТӘҢІРІҢ!

Нұрлан 50-ге толғанда



Құтты болсын Елуің –
Ер жасына келуің.
Ер жасында Өзіңді
Ерге нағыз телідім.
Мендей болып дәп бүгін
Құттықтамақ Сені кім?
Ертеңіне еліңнің,
Сетінемей сенімің,
Елуіңе кеп жеттің
Көріп өмір көрігін.
Байыптадың достарды –
Босаға кім,
Төрі кім?
Миыңда тұр талықсып,
Ғұламамен тең ілім.
Айтыста да асқақтап,
Шығып еді өр үнің.
Елу деген не тәйір,
Басылған жоқ солығың.
Өлең болды жасыңнан,
Айырылмас серігің.
Тауып айтқан жөн сөзге
Қорғасындай ерідің.
Жастық өтті жалтылдап,
Басылды ма желігің?
Жақсылықты дәріптеп
Жамандықтан жерідің.
Жатпай-тұрмай орындап
Жаратқанның әмірін,
Ұлағаттап келесің,
Ұлылардың өмірін.
Тектілік пен Арлылық –
Саған шақтар тең ұғым.
Біреуге көл,
ал енді
Шөл біреуге көңілің
Өрудесің Өмірдің
Қырық бұрау өрімін.
Белесіңді елудей
Ер жасына телідім.
Ердің ісін жасауға –
Алқаласын Тәңірің.
Құтты болсын Ер жасы –
Құтты болсын Елуің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу