Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  534


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

МАҚСАТҚА

Көбейтсе егер әжімді сенбе айнаға,
Анда-санда кілт етер белді ойлама.
Ердің жасы елуді кел, тойлайық,
Күйеубала мен болып, сен қайнаға.
Келер көктем, өтер қыс, өтер күз де,
Сыйластықта туыс жоқ жетер бізге.
Қайнаға мен күйеу боп кел, тойлайық,
Елу деген немене екеумізге!
Сый көрсетпей бұл тойда кім тарылсын,
Құттықтауға өзіңді жұрт ағылсын.
Арпа ішінде бидайсың, жөнің бөлек,
Арасында үш қыздың бір тал ұлсың.
Жанашырлық жарасып хан басыңа,
Тоның шешіп бересің қандасыңа.
Нұргүл, Кәмшат болғанда Нарынқолда,
Жұмагүлің қасыңда – Алматыда.
Қадір тұтқан қашанда қариясын,
Кемел аққан бүгін бір дариясың.
Тұздыбастау төрінде тұз көзірдей,
Асқақ жүрсің қасыңда Ғалияшың.
Ақжол балаң шаттықтың салғызды әнін,
Өрісіңді ұзартты жан қыздарың.
Ердің жасы елуді тойла бүгін,
Бажаларың қасыңда, балдыздарың.
Шаңырақтың өзің боп асыл сәні,
Өміріңнің жайнасын жасыл шағы.
Елу жаста сен бүгін генералсың,
Ішкі істердің кешегі капитаны.
Шыңға барып тірелер өрдің басы,
Сенің орның бүгінде төрдің қасы.
Шын жүректен тілеймін бар жақсылық,
Құтты болсын Елуің – ердің жасы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу