Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  97


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АЙСАМАЛ

Ашты неге құшағын айқара мұң,
Баяу тартып барады байсал әнім.
Шашауланып шаттығым, шөлдегенде
Шәйін құйып береді Айсамалым.
Күннен-күнге көбейіп түймелері,
Күле қалса құлаққа күй келеді.
Тәуелсіздік құрдасы төл қызымыз,
Желтоқсанда көктем боп үйге енеді.
АЙ – желтоқсан, ал САМАЛ –
тәуелсіздік,
Ол туғанда осылай әуен сыздық.
Желтоқсанның желі ғой сілкіндірген,
Жайлағанда қазақты еренсіздік.
Шыны керек, бір дауыл аңсағанбыз,
Аңсай жүріп еркіндік, шаршағанбыз.
Он жетінші желтоқсан, он екіде
Келді іңгәлап өмірге Айсамал қыз.
Асқаралы арманға аңсап өрлеп,
Сол бір түні шырқалды қайсар ән көп.
«Ардагерде» ерекше нәрестеге
Жас ақындар ат қойды: Айсамал деп.
Самал есіп бұғаудан құтқаратын,
Көкке қыран қомдады нық қанатын.
Айсамал деп қуандық атын қойып,
Бізбен бірге қуанды Мұхтар ақын.
Бола қалған жағдайда керек шешім,
Ден қоятын елміз біз дерекке шын.
... Сен осылай келгенсің дүниеге,
Ал есімің жай емес, ерекше есім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу