Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  111


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ЖҰМАБЕККЕ

Таңырқай қарап тамылжып тұрған сан түске.
Сезбей жүр едің шарпуын мүлде өзге өрттің.
Көксерек құсап таланып қалып тал түсте,
Өмірге деген көзқарасыңды өзгерттің.
Көгерді көзің, қарайды қаның, өзгердің,
Жаныңмен ұқтың жәдігөйлігін жалғанның.
Есіңде қалар тағдырдың тезін сезген күн,
Қарсыластардың аямайтынын аңғардың.
Аңғардың, енді аңғалдығыңды ада қыл,
Аяу жоқ мынау ардан баз кешкен заманда.
Аңдиды сені ай, күн аманда әзәзіл,
Ақыл мен сабыр бағдаршам болсын санаңда.
Жігітке, ботам, жүрекке байлар сес керек,
Есе тимейді сорлыға және момынға.
Біле-білгенге бүгінгі тірлік – жекпе-жек,
Шаршы алаңдағы шатыраш тағдыр – қолыңда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу