Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  168


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

КҮЛІП ОЯН

Танакөзге



Қабырғалы халқыңа жырың аян,
Қыдыр бабаң дарытсын қырық аян.
Алматыны оятып жүрсің әр таң,
Өзің де әр күн, Танакөз, күліп оян.
Мұрша бермей мұздауға, тоңазуға,
Күліп оян сауық аз, той азында.
Көктем етіп көңілің, өміріңді,
Күліп оян қаңтардың аязында.
Жүрген жоқсың атақ пен тақ қамында,
Талантың мен күшіңді сақта жырға.
Ақ жүзіңді көлеңке көмкермесін,
Күліп оян ақпанның ақ таңында.
Иландырып сезімді жыр иманға,
Мақтауларға, қолпашқа кіл иланба.
Күн менен түн теңелер кез келді деп,
Күліп оян наурыз жымиғанда.
Көк шалғыны күнгейдің дүркіресе,
Ақын көңіл тәңірден жыр тілесе,
Қаламың мен асығып ақ қағазға,
Күліп оян көкек-күн күркіресе.
Күннен күнге құбылып нұр аспанда,
Қыз бен жігіт қалықтап қыр асқанда,
Мерекелер мерейі тасып-толар,
Күліп оян мамырың гүл ашқанда.
Көрерменің көбейіп сырласқанда,
Үлгі болып өнерің гүл-жастарға,
Жаз қызығын сезініп жер-дүние,
Күліп оян маусымда мұң қашқанда.
Бұлақтарың қуанып бұлқып аққан,
Көңілдерді сергітсін ынтымақты ән.
Өмірің де, жаз жайнап өнерің де
Күліп оян шілдеде ши тұтатқан.
Танымың мен ойыңа қала сай ма?
Осыны да бірер сәт оңаша ойла.
Жаз өмірің жарасып айналаңмен,
Күліп оян тамызда – тамаша айда.
Оңғарылсын әрдайым жолың оңға,
Жалған даңққа маңдайың соғып алма.
Болашағың мектепке асығатын
Күліп оян қыркүйек – қоңырауда.
Жырыңды жаз, өлеңнен өмірді ізде,
Жарқын күннен ертеңгі сенімді үзбе.
Күні бойы жұмыстан талып ұйықтап,
Күліп оян қазанда – қоңыр күзде.
Хабар берер әр сөзің көп жайттан да,
Ақын қызға ақ тілек аз ба айтқанға.
Алматыға әнімді арнаймын деп
Күліп оян қараша қаз қайтқанда.
Сені көріп сабырлы, желөкпең де,
Бұл қандай – деп таң қалар – ерек пенде.
Жаз көңілің аязға бой бермесін
Күліп оян желтоқсан желі өпкенде.
Шыққан күндей шырайлы ой әкелер,
Ақын жанын ақ нұрға бояса егер.
Алатаудай атаңнан ақ бата алып,
Алматыны әр таңда оята бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу