Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  107


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ТҰРАНҒА ТІККЕН ОРДАСЫН

Қасымхан Бегмановқа



Сөз үшін сен оқымадың- Өзіңде Сөз болғасын,
Сондықтан да әрбір Сөзің дөп құйылған қорғасын.
Қара өлеңде қасиетті су төгілмес жорғасың,
Қазақтың бір ақынысың «Тұранға» тіккен ордасын.
Өлеңге көп төленгің кеп қу жаныңды қинадың,
Ал қасыңа жолдасыңа айналар ұл жинадың.
Көз алдыңда көлбесе егер тырау тырна, бұйра құм,
Алабұртып ақын жүрек кең әлемге сыймадың.
Құшағыңа қуаныш та, қоңыр мұң да толтырып,
Көз алдыға кешегі өткен арыстарды келтіріп,
Кең дүниені кезіп жүрсің бұрынғы өткен Ер Түрік
Мұраларын мәңгі жинап қалдыруға беркініп.
Қаншама Ұлды, қанша Жерді махаббатпен жырладың,
Өлең сүйер ел-жұртыңа еркін жетіп сырларың.
Алыс кетсең сағынады қолын бұлғап қырларың,
Арулар да сағынады жүрек тербеп мұңлы әнің.
Әлі талай жырдың кенін сапырарсың, қазарсың,
Халқың үшін әлі талай өртенерсің, тозарсың.
Елің Сенен ән-жыр алсын, өнегелі сөз алсын,
Кешегі өткен ер Қасымдай жұрттың Сөзін жазарсың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу