Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  140


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ТАУ ТҰЛҒА

Тұрарбек Мәжілұлы Асановқа


Қаншама сын, қанша биік тосты алдан,
Асты талай мұзарттардан, асқардан.
Өмір атты ұлы асуға соқпағы,
Хан Тәңірі етегінен басталған.
Көрінгенмен қойдан қоңыр, жуас боп,
Сермедіңіз сан қияға құлаш көп.
Сіз туарда ұлы әжеңіз айғай сап,
Түндік, есік ашқызыпты «Тұр, аш!» деп.
Сәби күлсе көңілденіп, жаз күліп,
«Тұраш» депті еркелетіп, мәз қылып.
Сол әжеңіз бекемдепті есімді,
Тұрарбек деп метіркеге жаздырып.
«Бек болады менің осы немерем»,
деп сеніпті,
Әулие еді не деген!
Елін, жерін сүйетұғын Азамат,
болсын депті бата беріп көреген.
Бата дарып, бойыңызға құт дарып,
Ата жолын мәрт қалыпта ұстанып,
Биік-биік мінбелерден сөйлейсіз,
Алмас кездік, қанжардай боп ұшталып.
Гүлдендіріп баба жүрген даланы,
Нұрландырып Алматыдай қаланы,
Қуандырып ауылдағы дананы,
Шуағыңыз шапағат боп тарады.
Алтын айдар ұл-қыз бөлек бесікке,
Өсірдіңіз ырзық қосып несіпке.
Ел мерейін көтеруде бүгінде,
Сіз салдырған ескерткіш те, мешіт те.
Барша мадақ артық болмас мәрт ұлға,
Қаншама жұрт Сізге сенім артуда.
Ел мен Жердің еңселенсін қорғаны,
Асқақтай бер Хан Тәңірдей тау тұлға!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу