Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  94


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

БАЙЛЫҚ


Жасыта алмас жала да,
кек пен нала,
Өлтіре алмас өзекті тескен жара.
Ең мықты адам әлемде – мен ғанамын,
Ең бай адам әлемде –
тек мен ғана!
Өзіме тән шаттыққа кенелемін,
Байлық емес, барыммен еленемін.
Ел алдында еңсемді аласартпай
Асқақтатып келеді өр өлеңім!
Күнкөріске жете ме айлық саған? –
Деп мұрынын шүйірер әйдік надан.
Ұрпағым бар,
Жырым бар,
Отаным бар,
Бұдан артық керек пе байлық маған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу