Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  130


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

* * *

Жоспар, жоспар, жұмыс деп жиі ұрсамыз,
Жақтау қиын қатеге ұрынсаңыз.
Басекеңнің алдында басыңды иіп,
Қылдан таймай, қыбырлап жүру парыз.
Ананы айтпа, мынаны олай деме,
(Тұншығулы қалады сан ой неге?..)
Шындық атты шыңырау тереңіне
Зәкір тастап жоқ болған талай кеме.
Сынның қайрай алмайсың ұстарасын,
Жәй сөзден-ақ өктемге ұсталасың.
Абайсызда басшыңа жақпай қалсаң,
Тарамайды бойыңа ішкен асың.
Мәңгүрт милар ел үшін ойланбады,
Жалған сөйлеп, жат жұртқа жайраңдады.
Жекелеген жегіштер жетілсе де,
Бұқараның бұғағы майланбады.
Атса дағы әр таңы күдікпенен,
Ел ертеңге қарайды үмітпенен.
Бір сілкіну қазаққа керек деумен,
Көппен бірге күрсініп жүріп келем...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу