Өлеңдер ✍️

  01.12.2021
  89


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АЗАТ ЖАНЫМ...

Азат жаным өсектен, күстәнадан,
Тілі ұзында болады қысқа қалам.
Сол қаламды кейбіреу құл етеді,
Бабалары ғұмырда ұстамаған.
Азат жаным арамдық, пасықтықтан,
Арамзалар қорқады ашықтықтан.
Сондайлардың қасында өр сөйлеймін,
Мақтан тұтам үнімді асып шыққан.
Азат жаным күңкілден, дүңкілден де,
Көре алмасаң мұнымды
жыртыл, кел де!
Азаттықты мендегі түсінбейді
Көкірегі майланған ырқыл кеуде.
Азат жаным жымысқы, мүләйімнен,
Ада жандар қаншама шынайы үннен?
Солар мені өлгенше жамандасын,
Өткір жырмен оларды сынайын мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу