Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  100


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ДЕРТ

«Ел үстінен күн көргесін,шалқақ
иық кей ұлық, кері шаптырар дерт табады».
А. Сүлейменов «Бесатар»



Аршамен аластанып,
Жаныма Жарасты алып,
Жарқырап жүріп едік
Алқалы алаш танып.
Біреудің кесірінен,
Сауатсыз шешімімен
Жан-жаққа шықтық шұбап,
«Заңның» біз есігінен.
Көрсек те тантық қылық,
Талайды тәртіпті қып,
Жұмысқа бердік қанша
Күш-қайрат сарқып құйып.
Адалдық антқа бақтық,
Шендіні жалт қараттық.
Өмірден өстіп жүріп,
Өспей біз «артта қаптық».
Қам жасап күйретуге,
Мықтыға илетуге,
Әкелді жас баланы
Бізге ақыл үйретуге.
Ақылды ара шақты,
Санаға жара шапты.
Келешек кер кете ме
Алға сап «Болашақты»...
Газетті шала лас қып,
Жасады қара қастық,
Аузынан ана сүті
Кеппеген жаңа бастық.
Шығарды жеке жарлық,
Көрсетті бекежандық.
...Тіреуші көкеміз жоқ
Қайтеміз,
кете бардық.
Жаныма Жарасты алып,
Аршамен аластанып,
Кеттік біз жұмыссыз боп,
Аулада ағаш жарып,
Қоғамнан аласталып..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу