Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  148


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ТОЛҒАН АЙДЫҢ СӘУЛЕСІ

Қарасаң қара аспанға сыртта жатып,
Толған ай толқынданар бұлтқа батып.
Жалған-ай, біздің елде туар ма күн
Шүленше таратылар жұртқа бақыт?
Төгілер ай сәулесі алаламай,
Баршаға – маған, саған, оған, Алла-ай.
Табиғат бәрімізге ортақ еді,
Бүлінді неге ендеше қоғам аңдай?
Іш жылап, ал сырт жағы күліп елге,
Нәпақа іздеумен жүр тірі кеуде.
Төбесі бұлтқа тиген тоғышарлар
Бірінің кесіп етін бірі жеуде.
Жайылып зәрі бетке, құты к...ке,
Кедейде улы жүрек, түтін өкпе.
Сылтауын сауғаға сап жүруші еді,
Дағдарыс дұрыс болды үкіметке.
Ертеңге кімдер, сірә, бал ашпады,
Неғайбыл бірақ шынға жанаспағы.
Дәл бүгін бұ қазаққа не дер керек
Биттері басқа өрлеген балақтағы.
Жазбасқа жырдан басқа бар ма амалым?
Алдында ұрпағымның қорланамын.
Толған Ай сәулесіндей жарыққа емес,
Түнекке бет алдық па, сорға қалың?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу