👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  118


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

«САЯХАТ» ПЕН САҒАТ. СОҢҒЫ ДЕМ.

Алматыға келгенде
кең даланы тар санап,
Қарсы алатын «Саяхат»,
қарсы алатын дәу сағат.
Алып сағат астында,
таныстарын тауып ап,
Кең даладан келгендер,
таң қалатын тауына ақ.
Алатаудай ақ қала,
күн шуағын тараттың.
Алматының қақпасы –
«Саяхат» пен сағат-тын.
Сағаттай боп тынымсыз
соғып нәзік жүрегі,
Аттың басын қанша үміт
«Саяхатқа» тіреді.
Жарық етті жастық шақ,
Ақ қаланың түнін де.
Қанша тағдыр қосылды,
сол сағаттың түбінде.
Алатаудың шыңынан,
талай шапақ таң атты.
Мәңгіліктей көруші ек,
«Саяхат» пен сағатты.
«Саяхатта» сайрандап,
сағатына қарап ап,
Жүруші едік алаңсыз,
гүлдей жайнап бар алап.
Ақ қалаға қимастық
ет-жүректі боршалап,
Алматыдан аттансақ,
қол бұлғайтын сол сағат.
Күндердің бір күнінде,
шешім шығып албаты,
«Саяхат» пен сағаттан,
қалды айрылып Алматы.
Суық, қара жүзімен,
елдің мысын басатын,
«Саяхат» пен сағатты
талқан қылды тас әкім.
Жерін сатты сірә да,
толтырмақ боп қалтасын.
Обыр жалмап кеткендей,
Алматының ортасын.
«Қой» дер қожа болмады,
тайраңдаған қараққа.
Тып
-типыл боп жер жатыр

«Саяхат» жоқ, сағат та.
Жер сатуды меңгерген әкім ісі – саясат.
Ғайып болды сағымдай,
сол сағат пен «Саяхат».
Несін алды «Саяхат»,
несін алды сол сағат?!
Егін екпек болды ма, айналасын қоршап ап.
Қоршау іші
– қиранды,
жер сілкініп өткендей.
...Тайып тұрды сол әкім, іс бітіп, қу кеткендей.
Ойрандалды «Шаңырақ», ойрандалды Алаң да.
Қирамаған жәдігер қалды ма екен қалаңда?..
«Саяхатты» іздеп жүр,
ақындардың сан жыры,
«Саяхатты» сағынды
Райымбек даңғылы.
Байшыкештің бүгін таң
баю болды ұраны.
Қараша елдің үміті
дәу сағат боп құлады.
«Саяхат» пен сағаттың
болмады ма иесі?
Сұраусыз зат жоқ дейміз,
кімді атады киесі?!
...Бәрі де өтіп басынан
бәрі өткінші жалғанда,
Саяхаттап сол әкім
соңғы демін алғанда,
Дүние кезек!
Сол сағат
қараша әлде ақпанда,
миын шағып күмбірлер,
Соңғы секунд соққанда!!!


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы