Өлеңдер ✍️

  30.11.2021
  175


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАЙРАН ШЕШЕМ...

Бұрылмай көпке
қитықса,
қырсығып асқақ,
Қоятын еді
тік сөзбен—
«қыршыны» жасқап.
Отырар еді
«омалып»
оттың басында
Келмеске кеткен
Күндерін
күрсініп еске ап.
Түйіліп,
сынып,
Қабағы —
қаршыға қанат,
Жәреуке,
жарымес
«дүрлерді»
жалшыға балап,
Отырар еді
опасыз
жалғанды қарғап,
Былық тірлікке
Биіктен
Шаншыла қарап!
Қайран, шешем-ай!..
67
* * *
Құлпытас қойдым анама,
Құлпытас қойдым ағама.
Айналған жандар еді ғой
бір кезде менің панама.
Ақылын айтар Аға жоқ,
Құшағына алар Ана жоқ.
Аңыратып мені кетті олар.
Кетті олар. Енді пана жоқ.
Жоқтығын ойлап Ананың,
Жоқтығын ойлап Ағаның,
Жанармен жас боп ағамын.
Өзімнен соңғы өскіннің
Панасы қайтіп боламын?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу