Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  258


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

АҚЫН ҚАЗАСЫ

Мұқатай Жылқайдарұлының рухына



Алдыңыздан не күтті – беймәлім-ді,
Сіз кеткен соң бір күдік ойға ілінді.
Аяқ асты болды ғой, әттең, бірақ,
Ажал аяп жүр еді қай дарынды?
Туыстардың төрінде толғанбаққа,
Сіз кеткенсіз аяңдап Талғар жаққа.
Алдыңыздан сол күні күтті ме екен
О дүние дейтұғын қорған-қақпа?
Жоғалтуға асығар кім асылды,
Сұмдық сәтті сезді де түн аһ ұрды.
...Боз мәшине боздатып ащы даусын,
Қағып кетті қапыда бір ақынды.
Жүректерді заһардай мұң тілгілер,
Жанып кетті жарқ етіп қыршын жігер.
Ақын өтті өмірден – деді-дағы,
Күрсінді жер, тым ауыр –
Сілкінді жер.
Мойнымызда қалдырған тұмарыңыз –
Бір жасайды ұрпақпен жыр-әніңіз.
«Жерді, жолды сүйем», – деп айтатынсыз,
Жер сілкінді. Сіз жолға құладыңыз.
Жер сілкінді. Сілкінді жүрегіңіз,
Жер сілкінді. Сілкінді тірегіңіз.
Жер сілкінді. Сіз кенет жығылдыңыз,
Үзілді де өмірден күдеріңіз.
Жер сілкінді. Мөлшері жеті балдай,
(Ақындарда тағдырдың өші бар ма-ай?)
Баратұғын Талғарға ұлы жолда,
Ақын жатты қираған Отырардай.
Жақұт жырды тапқандай тастан қазып,
Мұқағали туралы дастан жазып,
Ескерткішін соқтыңыз, елемеді ел,
Төңкеріліп кетпеді аспан нағып?!
Күн күркіреп, жаһанға жар сала кеп,
Жоқтап Сізді жас төкті алқара көк.
Көз жұмдыңыз: «Керімсал Кеген, Қайқы,
Қасиетті аман бол, Қарқара!» – деп.
Жел желпіді соңғы рет мұнар-әнді,
Жер күрсінді, сонан соң тына қалды.
Ақын өлді бойында қасқа жолдың,
Аспан ұзақ жоқтады – жылап алды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу