Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  249


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

БАСЫМ КЕТІП БАРАДЫ

Махамбеттің монологы
Сүйгеніме өкінбен, құшқаныма,
Қонғаныма өкінбен, ұшқаныма.
Денем кетіп барады жер қойнына,
Басым кетіп барады дұшпаныма.
Алағай да бұлағай тұста мына,
Алаңдадым іштегі, тыстағыма.
Исатайдай нарымнан кек алмаққа –
Басым кетіп барады дұшпаныма.
Деп жүргенде иә бар, жоқ етемін,
Жиды дүние бір күнде мол етегін,
Бас шұлғыды дұшпаным бас кеспекке –
Тіл кеспектің білген соң жоқ екенін!
Өсек айтқан сыртымнан ез неменің,
Сақтамасын білгенмін сөз кезегін.
Асым керек болмаған дұшпаныма
Басым керек болғанын сезген едім.
Жаншылумен тағдырдың қыспағына,
Шықпақ емес нәмәрттар ұшпағына.
Түн ұйқысын төрт бөліп күн бермеске
Басым кетіп барады дұшпаныма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу