Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  321


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ШӘКІРТ СЫРЫ

Бижамал Манановаға



Кезіміз-тін көкке құлаш сермейтін,
Бойда жалын таңға тыным бермейтін.
Жек көремін алгебра сабағын,
Ал тәтейді қалай жақсы көрмейсің?
Қыздар қашып құшақтардан
сытылып,
«Вечерлерде» би билейміз құтырып.
Миымызға есеп құймақ мұғалім,
Биыл ғана келген оқу бітіріп.
Ұстаздардың ұрысқанына қыңбаймыз,
Көп сабақта көпіршіген жындаймыз.
Ал Бижамал тәтейді біз тыңдаймыз,
Жастық шағын, сұлулығын
сыйлаймыз.
Бұл сабаққа көрген жоқпыз кешігіп,
Шешендер де сөйлемейді есіліп.
Жасұландар жынын алған бақсыдай,
Амантайлар кете алмайды есіріп.
Жас мұғалім – жастық шақтың
жалауы,
Сырын тыңдап кеудеге арман толады.
Миымызда – мың-сан қиял әлемі,
Ал класта – алгебра сабағы.
Сабақ білмей сүмірейген қандай-ды,
Талай-талай көрдік, бәлем, ондайды.
Екі алсақ та өкінбес-ек есептен,
Тәтей, бірақ жаман баға қоймайды.
Шәкіртімен тең құрбыдай сырласып,
Жүрді бізбен білім сырын бірге ашып.
Тәтейіміз қалды бір күн, біз болсақ
Кете бардық Қайқы деген қырды
асып.
Біреуге ыстық, ал біреулер тоңдым дер,
Біреу көктеп, ал біреулер солдым дер.
Алда қанша асқар арман тұрса да,
Сағыныш боп қол бұлғайды сол күндер.
Жайқалады Сіз өсірген шынар бақ,
Уақыт бағбан оны мәңгі суармақ.
Тойыңызға тебіреніп келіп тұр.
Бүгін, міне, шәкіртіңіз жыр арнап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу