Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  168


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ТҮНГІ ПАРАДОКС

Жан жылатып кермек күдік құрымай,
Сансыратып ой-санамды жүр ұдай.
Түн ортасы табалаған сыңаймен
Тереземнен сығалайды сынық Ай.
Тереземнен сығалайды сынық Ай,
Елегізген ақ сәулесі жылымай.
Кеудем шаншып, күрсінем де отырам,
Тағдырымның талмаусырап мұңы жай.
Сырласқандай жүрегімде мұң Аймен,
Жыр жасқанбай төгілдірем бұл ай мен.
Ал, сынық Ай сығырайып күледі...
Түн ортасы табалаған сыңаймен.
Тыңаямын түнгі қала отынан,
Мұңаямын мезі қылып бос ұран.
Сөніп-жанған жұлдыздарға телміріп,
Кеудем шаншып, күрсінем де отырам.
Жарқылдайды, ән тыңдайды түн елі,
Солқылдайды алып қала жүрегі.
Жұлдыздары бұл шаһардың тым мұңлы,
Ал сынық Ай сығырайып күледі.
Жоғалғандай тіршіліктен мәнділік,
Жаралғандай көкте ғана мәңгілік.
Қарашығымды қара түнге батырдым,
Сөніп-жанған жұлдыздарға телміріп.
Сан арайды қойнына алып күндізгі,
Аялайды, есіркейді түн Жырды.
Ару қала Аймен бірге күледі,
...Жұлдыздары бұл шаһардың тым мұңлы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу