Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  145


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

САҒЫНЫШ

Бөлексазда аяз ба екен,
түсті ме екен қар қалың.
Малдың қоңы ояз ба екен,
қымтады ма ел жан-жағын?
Бекітіліп шатыр бекем,
оңалды ма ел күтімі.
Ауыл бейғам жатыр ма екен,
түзу ұшып түтіні?
Құшақ жайып қазағым кең,
нығайды ма нау мекен.
Арақ деген әзәзілден,
жастар есен-сау ма екен?..
Табиғаттың ерек шағын,
қарсы алды ма ел түйініп,
Қыр ішінде Бөлексазым
жатыр ма екен бұйығып?
Талға қырау қатты ма екен,
Қарқараның буынан.
Тәтті мекен, бақты мекен,
Қасиетті құбылам!
Елдің қамы ойлағаны,
Алматыда жүр балаң.
Ауылының арман-әні
ой-өрісін шыңдаған.
Қоңыр кеште қоңырайып,
қамығады қоңыр ұл.
Ауылды біз сағынайық,
жар болғай деп Тәңірім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу