Өлеңдер ✍️

  28.11.2021
  112


Автор: Кәдірбек Құныпияұлы

ҚАЙҚЫ

Жатқасын ба қайқайып, Қайқы дейді,
Жарқыраған жартастар... жай тілейді!
Қырқасына Қайқының іліккенде
Күн кідіріп,
Күміс нұр Ай түлейді.
Жалғанатын көктеммен екі арасы,
Қыс пен жаздың секілді шекарасы.
Бұл өңірде асу көп асқаралы,
Қайқы деген солардың отағасы.
Құбылмалы мінезге үйір егес,
Кеше көрген қызығы бүгін – елес...
Шындаса егер шілдеде ши тұтатар,
Қар жамылу – Қайқыға бұйым емес.
Соқпақтары қиялап тасты жарған,
Жүрексіздің көзінен жас шығарған...
Сопысынып, сырбазсып, оқта-текте –
Сәлде орайды басына ақ тұманнан.
Танытардай таулардың дара тегін,
Әдіптейді бөркін мұз, қар етегін...
Аттанғанда ауылдан
Қайқы айтады,
Асулардың алдыңда бар екенін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу